Мереке

Әлеуметтік сала қызметкерлері кәсіби мерекесін атап өтті

Қазан айының соңғы жексенбісі, 2011 жылы Елбасының Жарлығымен, «Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні» боп бекітілген болатын. Кәсіби мереке биыл «Рахат» мейрамханасында облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаровтың қатысуымен өтті.

«Әлеуметтік қорғау — әл-ауқаттың негізі» атты салтанатты шараға әлеуметтік сала ардагерлері мен қазіргі әлеуметтік қызметкерлер шақырылды.

— Мемлекеттің ауқымды міндетінің бірі халықтың барлық санаттарына әлеуметтік қамқорлық көрсету, яғни әлеуметтік қорғау. Бүгінгі мереке өзге жанның ауыртпалығын арқалап, оны шешуге бар күшжігерін жұмсайтын абзал да мейірімді жандардың мерекесі, — деген облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаров мереке иелерін кеш құттықтағанына кешірім сұрап, ыстық ықыласын білдірді. Сондай-ақ әлеуметтік қорғау саласының  іргетасы қалануына үлес қосқан ардагерлерге Қазақстан Республикасы Еңбек және  халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері»,«Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» медальдарын, Құрмет грамотасын және облыс әкімінің алғыс хаттарын табыстады.

ҚР Еңбек және  халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Еңбек ардагері» медаліне ие болғандардың бірі — бір кездері Ойыл аудандық жұмыспен қамтамасыз ету бөлімін он бес жыл басқарған Күләш Өтәлиева.

Әлеуметтік сала — ардақты жұмыс. Себебі адам баласына халыққа қызмет еткеннен басқа мәртебе жоқ. Ол кезде зейнетақы, жәрдемақы тағайындау секілді жұмыстардың бәрін бір бөлім атқаратын. Сосын да күрделілеу болды. Қазір ақпараттық технологияның заманы. Бәрі автоматтандырылды. Жастарға денсаулық, шығармашылық табыс тілеймін, — дейді Күләш Ғафуетқызы.

Шара барысында сөз сөйлеген облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова:

— Облыста 13 жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, 13 жұмыспен қамту орталығы бар. Бұл салада 396 қызметкер еңбек етеді. Бұл қызметтен басқа облыста үй күтімі жағдайында  үш жүзден астам адам еңбек ететін 18 бөлімше бар. Қарттар мен мүгедектерге арналған №1 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 154 қызметкер, ал жүйке ауруларына шалдыққан азаматтарға арналған №2 Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 146 қызметкер еңбек етіп жүр. Ақтөбе қаласында стационар жағдайында 18 жасқа дейінгі жүйке аурулары бар мүгедек балаларға арналған «Жайна» мемлекеттікжекеменшік серіктестігінде 96 адам жұмыс істеп жүр. Бәріне де мың алғыс. Осы сала ардагерлеріне есеп беріп жатқаным ғой. Кәсіби мереке құтты болсын! Амандық тілеймін, — деді.

Мерекелік дастарқан басында әлеуметтік саланың дамуына үлес қосқан Кеңес Бірманов, Құралай Байменова, Клавдия Пан, Нәйлә Бөртебаева секілді бірқатар азаматтар өткен күннен естеліктер айтып, жастарға жылы лебіздерін арнады.

 

Қиын да қажетті салада тер төгіп жүрген әлеуметтік сала қызметкерлерінің мерекесін Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары әнмен әрледі.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button